«Хабар» агенттігінің 20 жылдығына орай белгілі қаламгер, театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың 2013-2014 жылдары «Хабар» телеарнасында жүргізген «Жансарай» бағдарламасы кітап болып басылып шықты.
Театр тіршілігімен тыныстап, саналы ғұмырын осы салаға арнаған қаламгердің бұл бағдарламадағы сыр-сұхбаты көрерменнің әлі де көз алдында. Ондағы өнер мен мәдениет, тарих пен таным, дін мен діл туралы әңгімелер – қазақ руханиятына қосылған сүбелі үлес.
Есмұқан Обаев, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:
— Өзінің жан сарайын ашқан бағдарлама. Халықпен ойнап күліп, өзі әзілқой болатын, ылғи қалжыңымыз жарасатұғын. Көрсе болды, «Аманбысың ескі досым, Гортензия» деп қоятын еді. Кітапты көпшілікке таныстыру рәсіміне келген қаламгердің үзеңгілестері Әшірбек Сығайдың өнегелі өмірі мен кәсіби шеберлігін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп берді. Кітапқа Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Әкім Тарази, Камал Ормантаев, Тоқтар Әубәкіров сынды 40-тан аса танымал тұлғалармен ашық әңгімелері енген.
Тілеуқабыл Мыңжасар, «Хабар» телеарнасының ардагер журналисі:
— Халыққа жақын еткендігі бұл кісінің ішкі мәдениет және өмір бойы жинаған білімі мен тәжірибесі деп ойлаймын. Өзінің барлық тағылымын көрермен мен өзінің кейіпкері арқылы байланыстырып отырып, әдемі сұхбат жүргізуші еді. Бұл бағдарламалары біздің «Хабардың» алтын қорында сақталады.
Ғибраты мол, рухани сұхбатқа толы кітап мемлекеттік тапсырыспен «Ана тілі» баспасынан жарық көрді.