Қазақстандықтар «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз ұша алады.
Осы елге іссапармен барған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев шетел билігімен осындай келісімге келді. Екікүндік іссапар қазақстандық делегаттар үшін жемісті аяқталды. Екі жақ келіссөздер қортындысы бойынша 2020 жылы Дубайда өтетін көрме мен 2017 жылғы Астанадағы «Экспо» көрмесіне дайындықты бірге жасауға уағдаласты.
Рәпіл Жошыбаев, ҚР СІМ бірінші орынбасары, «ЭКСПО -2017»комиссары:
— БАӘ келіссөз барысында Астанада өтетін көрмеге қатысатындығын тағы да растады. Сондай-ақ виза алуды жеңілдету туралы да біржақты келісімге келдік. Қазіргі уақытта дипломатиялық қызметтегі адамдар үшін виза жүйесін алып тастадық. Енді Астанада өтетін көрме қарсаңында 30 күн бойы барлық жолаушылар визасыз жүруге құқылы.
Астанадағы көрмеге сондай-ақ балама энергия көзі халықаралық агенттігі де келетінін мәлімдеді. Бұл «ЭКСПО — 2017» қатысатын 11 қауымдастық болып отыр. Сондай-ақ Астана мен Дубай арасында туристік компаниялардың бірлесе қызмет жасау туралы меморандумға қол қойылды.
Сирак Мурадян,Al Khalidiah Tourism компаниясының президенті:
— Қазір біз екі елдің компаниялары бірігіп қызмет жасау туралы меморандумға қол қойдық. Қазақстанға инвестиция салатындай беделді азаматтарды жіберіп, сіздердің көрікті қалаларыңызды тамашалауды ұсынатын боламыз.
Іссапар соңында «ЭКСПО — 2017» комиссары Біріккен Араб Әмірліктерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Рәпіл Жошыбаев жастарға Астанадағы көрмені шетелде жүріп, кеңінен насихаттауға кеңес берді.