ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік және Қазақстандағы British Council-дың ұйымдастыруымен Ұлттық инновациялар байқауы басталды.
Ұлттық инновациялар байқауына мектеп оқушыларынан бастап ірі кәсіпорындарға дейін түрлі санаттағы өнертапқыштар мен рационализаторлар қатыса алады.
Байқау бес номинация бойынша өткізіледі: «Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жоба», «Үздік жас ғалым», «Жылдың үздік рационализаторлық шешімі», «Кәсіпорында рационализаторлықты қолдаудың үздік жүйесі», «Инновация тақырыбындағы үздік журналистік материал».
Байқаудың жалпы жүлде қоры 18 600 000 теңге. Сондай-ақ, байқауда жеңіске жеткен оқушылар, журналистер, жас ғалымдар Ұлыбританияға білім беру бағытындағы сапарға бару мүмкіндігіне ие болады.
«Үздік жас ғалым» номинациясындағы жеңімпаз Лондонда өтетін FameLab халықаралық ғалымдар байқауында ел атынан сынға түседі.
Қатысуға өтінімдер 2015 жылдың 25 қазанына дейін «ТДҰА» АҚ-ның ресми сайтында www.natd.gov.kz қабылданады. Оқушылар өз өтінімдерін 2015 жылдың 22 қарашасына дейін жолдай алады.