«Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметік жобалар» республикалық көрмесі елімізде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгін Астанада өткен дәстүрлі шара барысында байқаудың жеңімпаздары анықталды.
«Біз бұл көрмені жыл сайын «Әлеуметтік қызметкерлер күні» қарсаңында өткізіп келеміз. Осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Үш жылдың ішінде «Үздік әлеуметтік жоба» атағын алу үшін байқауға 317 өтініш қабылданып, оның 64-і жеңімпаз атанған болатын. Жеңімпаздардың жалпы санынан 10 жоба өз қаражатының есбінен орындалып жатса, 25 жоба демеушілердің көмегімен, 28-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылып келеді», — деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Ал, биылғы жылы байқауға 124 өтініш келіп түскен. Оның ішінен 26 әлеуметтік жобаны байқаудың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары атанды. Іріктеуге министрліктің, БАҚ өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерелері қатысқан. Олар өздері ғана таңдау жасамай, ҚР ДСӘДМ сайтында берілген дауыстардың нәтижесін ескеріп, 3 ең үздік инновациялық жобаны анықтады.
1-ші орынды «Жарайсың!» науқастарды оңалту техникалық құралдарын өндіру» жобасын жасап шыққан Бану Искакова иеленді. Оған 2 млн теңге қаржылай сыйлық берілді. Автордың айтуынша, елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаттықтыру құралдары жоқтың қасы. Сондықтан, осы жобаны қолға алдым дейді ол.
«Біз ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап жұмысымызды бастадық. Бірінші жаттықтыру құралдарын Астана қаласындағы №1 Балалар ауруханасына жіберілді. Жалпы, біздің елде бәрі бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек те, медициналық көмек те беріледі. Алайда олармен атан-аналары көп жұмыс істеуге тура келеді. Негізі ондай отбасында көбінесе үлкендері көп қиындық көреді. Сондықтан мен балаларды отыруға, тұруға, жүруге қолдау көрсететеін жаттықтыру құралдарын жасап шығару жобасын қолға алдым. Біздің қызметкерлеріміз Екатеринбург қаласында курстан өтті. Церебральды сал ауруымен ауыратын 100 балаға арналған жаттықтыру құралдарын жасау жоспарда тұр», — дейді өнертапқыш.
Сондай-ақ, 2 орын «Training-Kaфе» әлеуметтік жобасының авторы, алматылық Анна Кудияроваға беріліп, оған 1,5 млн теңге көлемінде сыйлық тапсырылды. 3 орынды павлодарлық «Аналар қолдарының туындысы» жобасының авторы Гаухар Омарова еншілеп, 1 млн теңге алды.
Сонымен бірге, байқау жеңімпаздары «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның ақшалай сыйлығына ие болды.