Шымкент қаласында ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында кондитерлік өнім өндіретін «Рахат Шымкент» ЖШС-ның жаңа кондитер фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатына ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров пен Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев және «Рахат» АҚ-ның оңтүстіккореялық акционерлері қатысты.
Жаңа өндіріс қуаттарын іске қосу мақсатында инвестиция оңтүстіккореялық «Lotte» компаниясы тарапынан тартылған. Өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асқан жобаға 3 миллиард 200 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, кәсіпорында 100 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Бүгінгі таңда, «Рахат Шымкент» компаниясымен жалпы қуаттылығы 9 мың тонна вафель және печенье өндіретін 2 жаңа желі жұмысын бастады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта кезең-кезеңімен қосымша 12 технологиялық желі орнатылатын болады. Өндіріс технологиясының процессіне кондитер саласындағы соңғы еуропалық үлгідегі автоматтандырылған жабдықтар орнатылған.
Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда елімізде көшбасшы өңірлердің бірі. Облыстағы индустрияландыру картасының бірінші бес жылдық қорытындысы бойынша жалпы құны 183,9 миллиард теңге болатын 137 жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 11 200 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
Екінші бесжылдықтың да жоспары ауқымды. Бүгінгі таңда, 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасы құрылған. Аталған бағдарлама аясында облыста 115 жоба іске асырылып жатыр. Яғни, республикадағы әрбір үшінші жоба біздің өңірде жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың іске қосылуы облыс экономикасына 869 миллиард теңге қаржы тартып, 20 мыңдай азаматтың жаңа жұмыс орынын табуына мүмкіндік береді.