Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қытайлық жазушы Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» атты тарихи романының тұсаукесері өтті. Автордың айтуынша, бұл кітаптың Абылай хан жайлы қазірге дейін жарық көрген басқа еңбектерден айырмашылығы Абылай хан дәуіріндегі бейбіт заман көбірек бейнеленген екен. Жазушы бұл еңбегін Қытайдағы қазақтардың атынан Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту етіп отырғандығын да жеткізді.
«1960 жылдан бері Қытайда қазақ ауыз әдебиетін жинаумен және зерттеумен айналыстым. Осы зерттеулерім негізінде Қытайда 3 томдық еңбегім баспа бетін көрді. Осы халық арасынан жинаған ауыз әдебиеті мені көптеген құнды деректермен қамдады. Ал, мына романның өзіне 15 жыл уақытымды сарп еттім. Бұл еңбекте тың дүниелер қамтылды. Әсіресе, Қытайдағы ауыз әдебиеті мен сонда жарық көрген тарихи зерттеулерге көбірек сүйендім. Бұнда тек қазақтың жауларымен болған соғысты айтып қана қоймай, Абылай дәуіріндегі қазақтың бейбіт өмірін суреттедім. Хан Абылайдың балалық шағынан бастап ел басқарған кемел кезі, өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынасы, соңғы өмірі түгелдей баяндалды»,-дейді автор Дәулетбек Оспанғалиұлы.
Дәулетбек Қаңбақов 1942 жылы ҚХР Шыңжан өлкесі Нылқы ауданында дүниеге келген. Қаламгердің «Жас қарағай», «Жыл лебіздері», «Қайнар көз», «Мұралардан ұлағат» сияқты 12 кітабы арғы бетте жарық көрген.
Айта кетейік, «Фолиант» баспасынан жарық көріп отырған жаңа кітап Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты баспа бетін көріп отыр. Тарихи туындыда Абылай ханның өмір жолы, қоғамдық қызметтері туралы жан-жақты баяндалады. Сондай-ақ, тарих бедерінде небір тар жол, тайғақ кешуді бастан кешкен ұлтымыздың ұлы перзентінің көркем бейнесі арқау болған.