Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде «Жас ұлан» армиялық әндер фестивалі өтуде.
Қазақстанның барлық аймағынан келген 298 жас вокалист патриоттық бағыттағы ең үздік орындаушы-вокалист, вокалды-аспаптық ансамбльдер мен орындаушылар номинациясы бойынша сайысуда.
Бүгінгі күнге дейін тәрбиеленушілер, оқушылар мен студенттер тыңдалды, ал қазіргі уақытта іріктеу кезеңінен әскери қызметшілер өтуде.
Фестивальдің шарты бойынша барлық қатысушыларды бірқатар критерий бойынша бағалады. Ол: әскери тақырыптағы шығарманы, қазақстандық сазгерлердің немесе орындаушылардың туындысын, жеке (авторлық) музыкалық шығармаларды, фольклорлық жанрдағы туындыны орындау.
Ертең барлық өнерпаздарды тыңдау аяқталып, әділқазылар алқасы үздік орындаушыларды анықтайды. Жеңімпаздардың есімі 29 қазанда өтетін гала-концертте жарияланып, салтанатты түрде марапатталады.
Үздік орындаушыларға дипломдар мен фестивальдің бағалы сыйлықтары табыс етіледі, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар тапсырылады.
«Жас ұлан» армиялық әндер фестивалі 1997 жылдан бастап әскери қызметшілер мен армия жастарын әскери-патриоттық тәрбиелеу, өнерлі жастарды дәріптеу, оларға қолдау көрсету мақсатында жылда өткізіліп тұрады. Фестиваль қазақстандық армияның әскерлерінде ғана емес халық арасында да ыстық ықылас пен ілтипатқа бөленіп, танымал болуда.
Дәл осы фестиваль аясында жаңа әндердің тұсауы кесіліп, жаңа таланттардың жұлдызы жарқырайды.