Қазақстандық танымал режиссер әрі актер Нұртас Адамбаевтың «Сәбина келін» комедиясы бірқатар кинофестивальдарға шақырту алды.
Отандық фильм Лос-Анджелесте өтетін Woman UP Film Festival конкурсына қатысады. Фестиваль ағымдағы жылдың 3-5 қараша аралығында өтеді.
Сондай-ақ, фильм Қытайда өтетін әйелдер құқығына қатысты кинофорумға қатысады. Шара 2015 жылы 22-29 қараша аралығында өткізіледі.
Осынау туынды ағымдағы жылдың 30 қазанында өтетін Жаңа Зеландияның Ароха қаласында өтетін халықаралық Arohanui Film Festival кинофестиваліне қатысады деп күтілуде.
Содан кейін фильмнің тұсаукесері АҚШ-тың тәуелсіз киноға арналған Freedom Film Festival кинофестивалінде көрсетіледі. Айта кетейік, «Сәбина келін» комедиясы мұнда негізгі бағдарламаға еніп отыр. Фестиваль нәтижесі 2015 жылы 28 желтоқсанда белгілі болады.
Комедия сонымен қатар, жуырда Румынияның Клуй қаласында алғаш рет өткізілгелі отырған Comedy Cluj International Film Festival форумына да шақырту алды. Фестиваль ағымдағы жылдың 16-25 қазан аралығында өтеді деп жоспарлануда.
Естеріңізге салсақ, «Сәбина келін» фильмі Қазақстан кинотеатрларына өткен жылдың 27 қарашасында шыққан. Осынау туынды бес күн ішінде прокатта 600 мың доллар ақша жинаған болатын. Оның бюджеті 300 мың долларды құрайды. Алдағы уақытта фильмнің екінші бөлімі көрсетіледі деп күтілуде.