Енді халық ауыз әдебиетінде көркем сөзбен сомдалған ертегідегі кейіпкерлер образы нақты бір ғана бейнемен бекітілмек. Бұл мақсатта қылқалам шеберлері арасында байқау жарияланды.
Мамандардың айтуынша, кітаптар мен мультфильмдерде бір ғана Алдар көсенің жетпіс түрлі бейнесі кездеседі. Филологтар мен теолог мамандар фольклорлық кейіпкерлердің түр-сипаты нақты қандай болуы тиіс екенін бекітіп, суретшілерге Таусоғар, Саққұлақ, Көлтауысар сынды 34 образды ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша 34 жеңімпаз анықталып, оларға 60 мың теңге көлемінде жүлде тағайындалған. Үздік суреттер төрт мың дана болып шығатын кітапқа енеді. Айта кетейік, оқулық инновациялық технологиялар көмегімен бүлдіршіндерге анимациялық өнім дайындайтын мекемелерге тегін таратылады. Жобаға мемлекет тарапынан 3 миллион теңге бөлінген.
Бижомарт Қапалбек, жоба идеясының авторы:
— Бала қай оқулықта Ертөстік екенін, қай оқулықта Желаяқ, Таусоғар екенін білмей, дал болуда. Оның астына мәтінмен жазып қоймаса, бала оны білмейді. Есесіне, бала шетелден келген геройлардың образдарын жақсы таниды. Осы жобаның мақсаты – біз ата-бабамыз тастап кеткен мұрадағы кейіпкерлерді біріздендіру.