Бүгін облыс әкімдігінің ғимаратында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев «Басқару органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғаныс жүйесі күштерінің қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша іс-қимылы» тақырыбында жиын өткізді.
Басты мақсаты — «Қыс-2015» деп аталатын төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі командалық-штабтық оқуларды тиісті деңгейде өткізуге барлық құзырлы органдардың дайындығын пысықтау.
Негізгі баяндаманы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы полковник М.Боранбаев оқыды. Өз баяндамасында «Қыс-2015» командалық-штабтық оқуларын өткізудің мақсаттарымен таныстыра келе, қазіргі уақытта өзге өңірлердегі ауа райының қолайсыздығынан орын алған апатты жағдайларға да тоқталып өтті. Алматы облысында ауа райын болжаушылардың пайымдауынша қаңтар айында күн райының күрт суытуы мен қатты желдің тұруы болжанғандықтан, штаб дайындығын арттыру, арнайы күштердің өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандардың, көліктік қатынас магистральдары мен өзге де стратегиялық маңызды нысандардың қалыпты жұмыс істеу жағдайын сақтап тұруын қамтамасыз ету, түрлі дағдарысты жағдайларларда оның салдарын жою мақсатында құрылған арнайы қызметтер мен құрылымдардың дайындығын, негізгі мақсаттарына сәйкестін, құрамы мен санын тексеру қажеттігін мәлімдеді.
Жиынды қорыта келе облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Бигелдиев:
— Халқымызда «Сақтансаң сақтайды» деген сөз бар. ҚазГидрометтің айтуынша, 2016 жылдың қаңтар айының орта тұсында Қазақстан аумағында күннің қатты суытуына қатысты ауыр метереологиялық жағдай күтілуде. Соның салдарынан орын алуы ықтимал электр сымдарының, байланыстың үзілуі, сумен, газбен және жылу қуатымен қамтамасыз ететін нысандардың техногендік апаттан бұзылуы, жолдардың тайғақтануы мен басты көлік магистральдарын қар басып қалу жағдайларына дайын болуымыз керек. Осында жиналған барлықтарыңыз төтенше жағдайларды алдын алу бойынша құрылған комиссияның мүшесі болғандықтан, аталмыш оқу-жаттығуларға үлкен мән беруді тапсырамын, — деп сөзін қорытты.