Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Алматы облысының қызылша шаруашылықтары басшыларынан хат келді. Облыстың қызылша шаруашылығымен айналысушы қожалықтары Елбасына алғыс білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Авторлар өз хатында Мемлекет басшысының Алматы облысына былтырғы сапары барысында берген тапсырмасы өңірдегі қант қызылшасы өндірісін қайта өрістетуге септігін тигізгенін атап өткен. Мәселен, осы ауыл шаруашылығы дақылын өсіруге биыл 1 миллиард теңге бөлініп, өндірушілерге тиісті қолдау көрсетілді.
Шаруашылық басшылары облыста қызылша егістігінің ауқымы ұлғайып, биыл 4 мың гектардан асқанын мәлімдеді.
«Бүгінде қызылша егістігінде 5 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылған. Өңірдің кейбір шаруашылықтары гектарынан 750 центнерге дейін өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, бұл ретте бір қызылша түбірінің салмағы 6,5-7 келіге дейін тартты. Мұндай нәтиже соңғы 10 жылда болмаған. Көксу қант зауытын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта іске қосу шарасы да бізге қосымша серпін берді. Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне назар аударып отырғаныңыз үшін Сізге алғыс айтамыз», – деп жазады қызылша өндірушілер.
Авторлар Қазақстан Президентінің тікелей қолдауының арқасында елдің аграрлық саласы дами бастағанына, ал фермерлерге мемлекет тарапынан субсидия, тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағар май түрінде елеулі жәрдем жасалып отырғанына да назар аударған.
«Сіз ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы, сондай-ақ Бес институционалдық реформа шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына айрықша серпін беріп отыр. Облыстағы шаруашылықтар бұл жұмыстарға белсене қатысатынына сендіреміз», – делінген хатта.