Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай түсіріліп жатқан «Қазақ елі» телехикаясының алғашқы промо-ролигі интернетте жарияланды.
Түсірілім жұмыстары қазір Алматы облысында жүріп жатыр. Ең алғашқы кадрлар 7 қыркүйек күні Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағында түсіріле бастады. Бұған дейінгі дайындық түсірілімдері тамыз айында жүргізілген болатын. Қазір сериалға қажетті материалдардың 40 пайызы түсірілген. Монтаж жұмыстары да қатар жасалып жатыр.
XV ғасырдың орта тұсынан бастау алатын көркем фильм тек қазақ тілінде көрсетіледі және басты рольдерге шетелден актерлер шақырылмаған. Онда Қазақ хандығының қазығын қаққан Керей мен Жәнібектің және олардан кейін хандықты басқарып, бекуіне ықпал еткен Бұрындық, Қасым хандардың қилы тағдыры толықтай баяндалмақ.
Танымал режиссер Рүстем Әбдірашевтің жетекшілігімен жүзеге асатын жобаның сценариін Смағұл Елубай мен Тимур Жақсылықов жазған. Ал, фильмнің продюссері — Арман Әсенов.
Телехикаяның басты кейіпкерлерін қазақстандық танымал актерлар Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Жанар Сахат (Әбілқайырдың әйелі), Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мадина Исманова (Жәнібектің әйелі) сомдайды. Сонымен қатар, осынау туындыға қазақстандық әртістермен қатар Хакасия, Тува, Өзбекстан елінің актерлері де атсалысады. Ал, трюктерге белгілі каскадер Жайдарбек Күнғожиновтің командасы жауап береді.
Айта кетейік, «Қазақ елі» фильмінің түсіріліміне мемлекеттік бюджеттен шамамен бір миллиард теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, осынау жобаны меценаттар қолдап, олар 100 миллион теңге шамасында қаражат жинады.