Бүгін Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Күзгі жәрмеңкеге облыстың 16 ауданы мен 3 қаласынан 42 түрлі ауылшаруашылық өнімдері жеткізіліп, тұтынушыларға нарық бағасынан төменгі бағада ұсынылды.
Атап айтқанда, ет өнімдерінің 54,7 тоннасы, балықтың 12,3 тоннасы, көкөністің 60,9 тоннасы, сүт және сүт өнімдерінің 12 тоннасы, картоптың 29,8 тоннасы, алманың 15,4 тоннасы мен өзге тағамдардың 44,9 тоннасы өз сатып алушыларын тапты. Жәрмеңкеде жалпы құны 95 млн. теңгенің өнімі сатылды.
Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров аралап, жәрмеңкеге қойылған өнімдердің сапасы мен бағаның тұтынушыларға қолжетімділігін тексеріп шықты.
Бүгінгі жәрмеңкеде сапалы өнімдерге қойылған тиімді бағалар мен арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарлама жәрмеңкеге келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.