Шағын қалалар да жылыту маусымына кірісті. Алматы облысы Сарқан қаласында құны 1,1 млдр. теңге болатын орталық қазандық пен жылу жүйелерінің құрылысы аяқталды. «Сарқан жылу» МҚК-ның жарғылық капиталын қалыптастыру мақсатында арнайы техника сатып алу үшін облыстық бюджеттен 100 млн. теңге, көмір алуға 67,97 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қанағатов мәлімдеді.
Ә. Қанағатовтың айтуынша, бүгінгі күні Сарқан қаласында бюджеттік саланың 14 нысаны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Сонымен қатар Үштөбе қаласындағы «Жылыту орталығы» ЖШС-ның қазандығына 746,2 млн. теңгеге жаңғырту жұмыстары жасалды. Ал Текелі қаласының «Алатау» және «Достық» шағын аудандарында жалпы ұзындығы 12,5 шақырым болатын магистралды жылу жүйелері төселу үстінде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілу деңгейін 19 %-дан 26 %-ға дейін жеткізуге, тозығы жеткен жылу жүйелерін 58 %-дан 50 %-ға азайтуға мүмкіндік береді.