Астанадағы Конгресс-холл сарайында күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері Секен Тұрысбектің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала үні» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке Гүлзира Бөкейханқызы, Тамара Асар, Ерлан Рысқали, Алтынай Мамырова сынды танымал әншілер де қатысты.
Секен Тұрысбек жетекішілік ететін «Ақ жауын» мемлекеттік ұлттық оркестрі бұл жолы көрермендерді тың туындыларымен қуантты. Кеш шымылдығы Жантөренің «Шалқымасымен» ашылды. Тәттімбеттің күйі «Бес төре» және кеш иесінің сыбызғыға арнап шығарған «Төлегетай баба» күйі сахнада тұңғыш рет орындалды.
Сондай-ақ, кеш көрермендері Секен Тұрысбектің «Аққу сазын» жаңа орындауда тыңдады. Концертте автордың «Аққу сазы» мен «Ерке құсым» шырқалып, «Тарбағатай», «Қоңыр қаз», «Асыл ана» атты әндері көрерменмен қауышты.