Кәсіпкерлікке толық диагностика жасап, дамудың келесі сатыларында келелі кеңестер алу сияқты бірегей қызметке қазақстандық іскер әйелдер жақында қол жеткізеді.
Портал әйелдердің IV Еуразиялық саммитінде елдің әр түкпірінен келген нәзік жандылардың назарына ұсынылып, жиылғандарды қайран қалдырды. «Бизнес Лэнс» деп аталатын бұл интернет-ресурсті іскер әйел ханымдарға арнап, Еуразиялық қайта құру және даму банкінің мамандары жасап шығарған. Әріптес елдерде оны іске қосу үшін халықаралық институт 600 млн еуро жұмсаған екен. Оның көмегімен қазақстандық іскер әйелдер жақында өздері қолға алған істің жағдайына талдау жасап, өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Түрлі қаржы құралдары мен әлемдегі бизнестің тәжірибесімен де танысуға мүмкіндік береді.
Валерия Делла Роса, Еуразиялық қайта құру және даму банкінің аға менеджері:
— Біздің қазақстандық кәсіпкер әйелдерге қол ұшын созғымыз келеді. Порталды қолдану үшін өз парақшаңды ашып, жеке деректерді енгізу ғана қажет. Жүйе бизнестің жағдайын өзі оқып, тиімді кеңестер береді. Бұл тәжірибе әлемнің 16 елінде тиімділігін дәлелдеді. Жуық арада қазақстандық бизнес-ледилерге де көмек береді. Қазір оны қазақ және орыс тілдеріне аударып жатырмыз.