Астана қаласындағы жедел медициналық жәрдем қызметінің заманауи талаптарға сай еместігі туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде Әділбек Жақсыбеков мәлімдеді. Жақын арада астаналық дәрежеге сай жедел медициналық жәрдем қызметін құру туралы кешенді жоспар жасалынатын болады.
«Біздің барлығымыз медициналық жедел жәрдем қызметі жұмысының дұрыс ұйымдастырылмағаны себепті зардап шегіп келеміз немесе зардап шегуіміз мүмкін. Дәл қазір бұған басқаша қырынан қарау керек», – деді өз сөзінде Астана әкімі.
Кешенді жоспар Қазақстанның бас қаласының жоғары стандарттарына сай болады және елордалық жедел медициналық көмектің жаңа қызметін ұйымдастыруға бағытталады. Оған қоса, инфрақұрылым, техникалық жабдықтау, көлікпен қамтамасыз ету, кадрлық құрылым және осы қызметтегі мамандардың тұрғын үймен қамтылуы сияқты маңызды мәселелер де қз шешімін осы кешенді жоспар аясында табатын болады. Шұғыл түрде оқиға орнына жөнелтілген көлік қозғалысы мен оның аулаішілік алаңдарға кіретін жолдардағы қозғалыс жүйесін қалыпқа келтіру және жеңілдету жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметінде түнгі уақытта жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларын балабақшаға алу мәселесі де шешімін таппақ.
Аппарат кеңесінде теміржол вокзалының жұмысы туралы сөз көтерілген болатын. Жаңа теміржол вокзалының құрылысына байланысты ескі вокзалға көңіл аударуды ұмытпаған дұрыс.
Ә. Жақсыбеков өз сөзінде вокзалдың жағдайы елорадалық деңгейге сәйкес болуы шарт, сонымен бірге, қызмет сапасы мен вокзал маңындағы ақылы көлік тұрағына да назар аудару керек екендігін атап өтті.
Апта сайын әкімдікте өтетін аппарат кеңесінде азаматтардың өтініштері бойынша мәселелер қаралады. Соның бірі — қаладағы интернет сапасы. Соңғы кезде сигнал мен жылдамдықтың нашарлауы, үзілуі тұрғындардың наразылығын тудыруда. Бір аптаның ішінде «Астанателеком» ұсынып отырған қызмет сапасына талдау жасалынып, келесі аппарат кеңесінде қаралатын болды.