Ертең Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қымыз — 2015» атты ІІІ Халықаралық форум өтеді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Мажарстан елшілігінің екінші хатшысы, экономика жөніндегі атташе Нандор Картеси, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының төрайымы Шолпан Сыздықова қатысады.
«Қымыз — 2015» Үшінші Халықаралық форумына Қазақстан Республикасының мемлекеттік және беймемлекеттік ұйымдары, шетелдік елшіліктердің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен бірге жылқы өсірушілер мен ұлттық қымыз өнімін өндірушілер шақырылған.
Форумның басты мақсаты — елімізде және шетелде қазақ халқының ұлттық «Қымыз» тағамын әйгілеудің бастамаларын қолдау.
Дәстүр бойынша бұл халықаралық форумдарда жылқы өсіруді дамыту, «Қымыздың» ұлттық рецепт бойынша өнеркәсіптік өндіріс мәселелері, жылқы шаруашылығының басқа да өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату және тұтыну тәрізді өзекті мәселелері қарастырылады.