Алматы облысында отандық бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізудің нәтижесінде бизнесмендерден 140 өтініш түскен. Оның ішінде жалпы құны 532 млрд. теңге болатын 75 инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Мұнда барлығы 9912 жұмыс орны құрылатын болады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ОКҚ-да өткен брифингіде хабарлады.
А. Баталовтың айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде шетелдік инвесторлар тарту ісі де жолға қойылған. Қытай Халық республикасымен бірлесіп дайындалған төрт жобаны жүзеге асыруға 201 млрд. теңге тартылады деп жоспарланып отыр. Жыл басынан бері шетелдік инвесторлармен 6 меморандумға қол қойылды. Соның ішінде келесі жылы Швеция мен Австрия компаниялары Алакөл ауданында жел электр станциясының құрылысын бастайтын болады.