Сонау сақ дәуіріндегі тайпаларды аң-құстан қорғаған қару-жарақ, Түрік қағанаты батырларының сауыт-саймандары, Алтын орда жауынгерлерінің найза-садақтары, Отан соғысы майдангерлерінің пулеметтері және бейбіт күн сарбаздарының әскери жабдықтары.
Сан ғасырлар бойы ер-азаматтардың қорғаны болып келген құралдар бүгінде бір мұражайда сақталады.
Қазақ халқының тасқынды айбыны мен айбары, алпауыт күші мен қаһары енді бейбіт күн ұрпақтарының көз алдында болмақ. Әскери-тарихи музейде жауынгер халықтың талай ұрыстарына куә болған тастан қола, темірден жасалған найза, айбалта, сауыт, қалқандары, білекті жауынгерлерге мәртебелі сый ретінде берілетін семсерлері сақталған. 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында қазақ жерінде алғаш қолданылған мылтықтардың сан үлгісінен бастап, Ұлы Отан соғысында жеңісті жақындатқан Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әлия мен Мәншүктің қолдарының ізі қалған пулемет, миномет, гранаталарға дейін бар. Ал музейге әкелінбей қалған жәдігерлер голограммаларда бейнеленген.
Небары 3 ай ішінде ретке келтіріліп, жабдықталған музейде ұзын саны 5000-нан астам жәдігер қойылыпты. Оның ішінде 27 мемлекеттің туында бейнеленген Калашников автоматы мен соғыс кезінде әр дивизия алдына ұстап, жауға беттеген туларының түпнұсқалары әркімді елең еткізеді. Сол сындарлы кезеңнің көзіне айналған дүниелерді соғыс ардагерлерінің ұрпақтары әлі де әкеліп жатқан көрінеді.
Қазақ халқының жауынгерлік рухы мен қайсарлығын мұражайға кірген бетте байқауға болады. Залдың қақ ортасында Мәңгілік елдің нышаны орналасқан, ал оны жан-жағынан көне заманда елді қорғаған батыр бабалардың нар тұлғалары қоршап тұр.
Осылайша білекті бабалардың күшіне масаттанып шыққан меймандар үшін музейде күтпеген тағы бір сый дайындалған. Арнайы кең залда Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі мен Орталық ансамблі сан алуан аспаптарда әскери әуендер орындап, рухты асқақтатып, көңілді жігерлендіріп жібереді.