Қазақтың қара домбырасы, халық әндері мен күйлері уақыт өткен сайын жапон халқын баурай бастады. Ұлтымыздың бай мәдениетіне деген құмарлық Күншығыс елінің шығармашыл өкілдерін Қазақстанның байтақ даласына тартуда.
Солардың бірі Такахаши Наоки есімді жапон өнерпазы домбыра, қылқобыз және сыбызғыны мінсіз меңгеріп алған.
Такахаши Наоки – Фукуи префектурасының тұрғыны. Ағылшын тілінен сабақ береді. Алайда жас маманның бар ынта-ықыласы тілге емес, қазақтың ұлттық аспаптарына ауған сияқты. Ұлы дала елінің әндері мен күйлерін насихаттау жапон жігітінің биік мақсатына да айналған.
Такахашидің қазақ әуендеріне деген сүйіспеншілігі 13 жыл бұрын күтпеген жерден оянған. Кездейсоқ қолына түскен дисктен домбыраның үнін естіген ол мұның нендей аспап екендігін білуге құмартады. Көп ұзамай ынтызар болған домбырасы қолына түседі. Сол сәттен бастап өнерлі жігіт күй тартуды өздігінен үйрене бастаған.
Киелі аспаптың құдіреті кейін оны Қазақстанға да жетелеп алып келді. Білікті ұстаздармен танысып, өзі өнерпаздармен араласқаннан кейін, Такахаши «қазақтың мәдениетіне тіптен құмарттым», — дейді.
Оның таңдаған жары да қазақ қызы. Инара Серікбаева – Астананың мемлекеттік филармониясында қызмет еткен кәсіби музыкант. Ал қазір өнердегі, өмірдегі серігімен бірге Жапония сахналарында өнер көрсетіп жүр.
Инара Серікбаева мен Такахаши Наокидың мақсаты біреу ғана: ән, әуен арқылы шексіз, ұлан-ғайыр далаға деген өз сүйіспеншіліктерін жеткізу.