Бүгін Астана қаласының №15 орта мектеп базасында нашақорлыққа қарсы тақырыпта интерактивтік сабақ өткізілді. Сабақтың басты ерекшелігі – елуден астам астаналық мектеп оқушылары бір мезгілде сабаққа қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Интерактивтік сабақтың басты мақсаты – орта мектеп оқушыларына есірткінің қауіптілігіне, оны тұтынудан аулақ болудың маңыздылығына назар аударту, сондай-ақ салауатты өмір салтын жүргізу принципін қалыптастыру.
Іс-шараға ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов қатысты. Ол өзінің ешқашанда темекі шекпегендігін, бірақ темекі шегетіндер тарапынан түрлі ықпалдар бола тұрса да, өзінің денсаулығына зиян екендігін түсінгендіктен бойын аулақ ұстап жүргені туралы балаларға мысал келтіріп айтып берді. Осы күнде дәл сол күш жігерінің мықтылығының арқасында темекіге тәуелді жандардың қатарында жоқтығын үлгі ете отырып, нашақорлыққа да адам бір салынса, оның емін табу қиын екендігін атап өтті.
Оған қоса, бұл шараға Астана қаласының әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығының дәрігер-наркологы Қойшыбеков Тоқтар Төлеуханұлы қатысып, есірткінің зияндылығы және оның психикаға әсері туралы әңгімелеп берді.
Интерактивтік сабақ барысында балалар есірткіге тәуелді болған жандардың ауыр күйзеліске түсіп, қиналатындығы туралы бейнеролик қарады.
Айта кетейік, мемлекет қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде елімізде соңғы бес жылда есірткі тұтынушылардың жалпы саны 3,3% қысқарды.