Астанада ұзындығы 36 км кіші айналма жол салынуда. Жоба құрылысы 2017-2019 жж. аяқталады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда кіші айналма жол құрылысы барысында 22,8 км жол салынып, Ш. Бейсекова көшесінің Сығанақ көшесінен Қорғалжын тас жолына дейінгі бөлігін салу аяқталып қалды. Ш. Бейсекова көшесінің Қорғалжын тас жолынан Н. Тілендиев даңғылына, № 14 көшеге дейінгі бөлігінде тиісті жұмыстар жалғасуда. Кіші айналма жолды салу үшін Ш. Бейсекова көшесінің Н. Тілендиев даңғылынан Конституция көшесіне дейінгі бөлігіндегі жер учаскесі босатылады, сондай-ақ, Сарайшық көшесінде инженерлік желілер тартылып жатыр.
Қазіргі кезде Угольный көшесінде Бөгенбай батыр даңғылынан Ш. Бейсекова көшесіне дейінгі және Ш. Бейсекова көшесінде Угольный көшесінен Конституция көшесіне дейінгі жол бөліктерін, соның ішінде екі көлік орамын және теміржол арқылы бір жол өтпесін салу жобалары әзірленіп жатыр.
Астана қаласының түзетілген бас жоспарына сәйкес кіші айналма жолдың шекарасына № 27 (Хусейн Бен Талал) көшенің құрылысы да жатады. Бүгінде № 27 көшенің № 39 көшеден Ш. Қалдаяқов көшесіне дейінгі бөлігі жобалану үстінде.