Жуырда Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арналған стадионы бар жаңа спорт кешені салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына 700 адам қатысты. Олардың арасында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев, Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиев, спорт ардагері Сайып Нұрмұхамбетов және үш дүркін Азия чемпионы Ділдәш Құрышбаева бар.
Шара барысында аудан әкімі Б. Әлиев жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, сонымен қатар жаңа спорт кешенінің денсаулықты нығайтуға, спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды баулуға берер мол мүмкіндіктері туралы да айтып өтті.
Спорт кешені спорттық оқу-жаттығу жарыстарын өткізуге, спортшыларды спорттың ойын, күрес және зияткерлік түрлеріне дайындауға, сауықтыруға және жалпы дене шынықтыруға арналған.
Ғимараттың құрылысы 2014 жылдың қыркүйек айында басталған. Жобасын «Күмбез» компаниясы» ЖШС дайындап, мердігер ұйым «Нұр Шапағат Құрылыс» ЖШС болғанын да атап өту керек.