30-қараша күні Елбасының Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық ахуал: өсу, реформалар, даму» тақырыбындағы кезекті Жолдауының инфографикасы жұртшылық назарына ұсынылды.
Елбасының биылғы Жолдауы жаһандық дағдарыстың жағымсыз салдарын еңсеруге және экономиканың одан әрі өсуіне бағытталған.
«Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз», — деді Елбасы өз сөзінде.
Бұл үшін ел Президенті үш ұғыммен теңестірілген басты дағдарысқа қарсы стратагеманы ұсынды: ол – өсім, реформалар, даму. Осының аясында жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат іске асырылатын болады.
Сондай-ақ, ол Жолдауды іске асыру шеңберінде қоғамдағы рухани-адамгершілік,моральдық-этикалық құндылықтарды нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.
Осыған орай, жалпыұлттық құндылықтарды қастерлеу және ілгерілету барлық мемлекеттік органдар, бизнес-құрылымдар, азаматтық қоғам үшін маңызды міндет болып табылады.
Қорытындылай отырып, Елбасының 25 нақты шешімін инфографикамен көрсетуге болады.