2015 жылы Қазақстанда ең көп сұранысқа ие болған шетел жұлдыздары анықталды. Allstars.kz агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда 50 шақты компания шетел әншілерінің қойылымдарын ұйымдастырады.
«Олардың ішінде жетеуі ең ірі болып есептеледі. Бұл компаниялар Қазақстанға үнемі музыканттар шақырып тұрады. Алматы мен Астанадан бөлек, Атырау мен Қарағанды тұрғындары тойларында шетел әншілерін көруге құмар», — деді фирманың негізін қалаушы Аслан Тілеубаев.
Ең көп сұранысқа ие шетелдік топ МBAND болып шықты. «Хочу к Меладзе» жобасының жеңімпаздары 2015 жылы Қазақстанға 22 рет келген. Сонымен қатар, қазақстандық тойларда Сосо Павлиашвили көп өнер көрсетіпті. Биыл ол Қазақстан қалаларында 20 рет болған. Үздік бестікке «ВИА Гра» әртістері мен Егор Крид кірді. Олар 15 рет өнер көрсеткен. Бестікті «Бурито» аяқтады. Бұл топ он екі рет қазақ тойларына қатысты.
«Сонымен қатар, биыл Валерий Меладзе мен Ани Лоракқа көп сұраныс болды. «Евровидение» байқауындағы жеңісінен кейін Палина Гагаринаға сұраныс көбейді. Батырхан Шүкеновті еске алу кештеріне «А-Студио» көп шақырылды. Дегенмен олардың қаламақылары жоғары, сондықтан да көбінің бұл әншілерді шықаруға шамасы келе бермейді», — деді Тілеубаев.
Сонымен қатар, алыс шетелден Қазақстанға көп келетін жұлдыздардың қатарында танымал Joy тобы бар. Олар 2015 жылы 10 рет өнер көрсеткен. Nana Darkman биыл мамыр айында жеті рет өнер көрсетсе, 29 және 30 желтоқсанда тағы екі рет қойылым қояды деп күтіліп отыр. «Бізде 80-90-жылдардың әншілеріне сұраныс көп. Әсіресе Жаңа Жыл кезінде», — деді ол.
Оның айтуынша, жұлдыздар ойын ғимараттарына көптеп шақырылады. «Қапшағайда айына екі рет шетел әртістері өнер көрсетеді. Сонымен қатар, олар ұйымдастырушылардың райдерге көңіл бөлулерін тексеруін үшін жасыл M&M’s сұрайды. Иван Дорн болса әуежайда оны сары және қызыл шарлармен күтіп алуды сұрайды», — деді Аслан Тілеубаев.
Келесі жылға Сосо Павлиашвилидің бес концерті жоспарланған. «Жақында ғана онымен дуэт жаздырған Айқын Төлепберген оны қосымша өз концерттеріне шақырады. Менің жоспарым бойынша, Егор Кридке сұраныс көп болады. Оның директорының айтуынша, 2016 жылы Егордың жаңа әні бұрынғыларынан әлдеқайда хитке айналады», — деді Тілеубаев.