Қазақстан Қарулы Күштерінің полигондары халықаралық Армия ойындары қатысушыларын қабылдайды. Еліміздің аумағында армия ойындарының екі сайысы «Артиллериялық атыс шеберлері» және «Мергендік шеп» өтеді. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен ең кәсіби артиллерияшылар мен мергендер үздік деген атаққа бақ сынасады.
Бұл шешім Мәскеуде өткен халықаралық Армия ойындары – 2016 өткізу жөнінде алғашқы жоспарлаушы конференция барысында айтылды. Конференцияға 47 мемлекеттің өкілі, оның ішінде ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әмір Халиковтің басшылық етуімен Қазақстан Қарулы Күштерінің делегациясы қатысты.
Халықаралық Армия ойындары – 2016 бағдарламасына дала, әуе және теңіз дағдысы бойынша 23 байқау кіреді деп жоспарлануда. Жарыс 21 әскери полигонда, оның ішінде екі қазақстандық полигонда өтеді. Алдағы ойындарға қатысуды алдын ала 16 ел растап та қойды.
Биылғы жылы «АрМИ-2015» тұңғыш халықаралық армия ойындары өткенін естеріңізге сала кетейік. Қазақстанның Қарулы Күштері үш байқауға, яғни, әскери теңізшілер мен теңіз жаяу әскерлері «Каспий теңізіне», әскери ұшқыштар «Авиадартсқа», танкішілер «Танк биатлонына» қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері «Авиадартс» пен «Каспий теңізінде» екінші орынды, «Танк биатлонында» төртінші орынды иеленді.