«Астана Опера» театры солисттерінің көне итальяндық «Карло Феличе» театры сахнасында әйгілі режиссер Этторе Сколаның қойылымындағы Дж.Пуччинидің «Богема» операсында қалай өнер көрсеткенін онлайн тамашалауға болады.
Отандық опера өнерінің тарихында алғаш рет қазақстандық вокалисттердің қатысуымен Италияда өтетін «Богема» спектаклі көрерменге 27, 29 желтоқсанда; 2 және 3 қаңтарда ұсынылады. Онлайн-көрсетілім 29 желтоқсанда сағат 01:10 (Астана уақыты) «Карло Феличе» театрының онлайн-телеарнасында (http://www.streamingcarlofelice.com/la-boheme-2.html) және www.tengrinews.tv арқылы көрсетіледі. Классикалық музыканы сүйер қауым үзіліс кезінде сүйікті әртістерінің Генуяда қалай жұмыс істегені және өз кейіпкерлерін қалай сомдап шыққаны жайлы берген сұхбаттарын тыңдай алады.
27, 29 желтоқсанда және 3 қаңтарда Айгүл Ниязова Мимидің партиясын, Медет Шотабаев Рудольфты, Салтанат Ахметова Мюзеттаны, Талғат Мұсабаев Марсельді, Евгений Чайников Шонарды, Артур Қайыпқұлов Колленді шырқайтынын, ал 2 қаңтарда «Астана Опера» солисттерімен бірге Мими партиясын итальяндық сопрано Серена Гамбертони, Рудольфты Леонардо Каими орындайды.
Италиядағы солисттермен бірге «Астана Опера» театрының концертмейстері Долорес Үмбетәлиева қойылым бойынша екі апта жұмыс істеп келді. Қазақстандық опера театрларының тарихында концертмейстер осындай өзара шығармашылық тәжірибе алмасуға алғаш рет қатысқанын атап өткен маңызды.
«Богема» — итальяндық кинематография классигі, көптеген танымал сыйлықтардың лауреаты, 84 жастағы Этторе Сколаның соңғы он жылдағы бірінші қойылымдық операсы. Маэстро актерлік өнердің табиғи, оқыс қимылдайтын стилін таңдаған. Лучано Риччеридің көрнекті, аса қымбат сценографиялық құрылымдық декорациялары орталық үш қабатты ғимарат ретінде көрсетілген, ол бірде жас богемалар тұратын қарапайым тұрғын-жайға айналса, бірде кедендік қақпа жанындағы таверна — Момус кафесіне, содан кейін қайтадан париждік мансардаға айналады. Ортадағы декорацияның екі жағында XIX ғасырдың ортасындағы париждік архитектура нақышындағы кішірек екі ғимарат орналасқан. Кристина да Ролдтың таңдаулы, әдемі костюмдері қойылымның рухын айқындай түседі.