Алматының «Қайрат» командасына жаңа бапкер келді. Ресейлік маман Александр Бородюк бас бапкер болып тағайындалды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
53 жастағы жаттықтырушымен Алматы клубы үш жылдық келісімшартқа қол қойды.
Бородюктің бапкерлік карьерасы 2001 жылы «Крылья Советов» командасынан бастаған. Келесі жылы Ресей ұлттық құрамасының бапкерлер штабында жұмыс істеді. Арада үш жыл өткенде Ресей жастар құрамасының тізгінін ұстады. Сонымен қатар Ресей ұлттық құрамасында аға бапкер қызметін қоса атқарды. Гус Хиддинк пен Дик Адвокаттың көмекшілері болған.
2013 жылы Бородюк Мәскеудің «Торпедо» клубына бас бапкер болып тағайындалды. Оның кезінде команда премьер-лигаға оралды.
Айта кетейік, «Қайратты» соңғы үш жылда словакиялық маман Владимир Вайсс жаттықтырған болатын. Вайсстың кезінде команда екі рет Қазақстан кубогында жеңіске жетті. Сондай-ақ үш рет ел біріншілігінде жүлдегер болды.