Жазушы Жәди Шәкенұлы «Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі» атағын алды.
Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жәди Шәкенұлы «Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі» атағын алды. Қаламгерге төсбелгіні Моңғолия Республикасының еліміздегі елшілігінің өкілі Эрхэмбаяр Байгаз арнайы табыстады. Қоянды орта мектебінде өткен салтанатты рәсімде «Қазақстан дауысы» жобасының биылғы жеңімпазы Мұратбек Хайролда, дәстүрлі әнші Арай Асқап және Әйгерім Нартүйеева қатарлы өнерпаздар әннен шашу шашты.
Жәди Шәкенұлы – 1967 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. 1997 жылы атажұртқа оралған қаламгер қандасымыз бұл күнде Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды орта мектебінің директоры. Жазушының «Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Қаралы көш», «Бір уыс сәуле», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр», «Арманшыл бала» қатарлы кітаптары жарық көрген және тарихи тақырыпта жазылған «Түркі-Моңғол империясы және оның қазақ хандарын қалыптастыруының негізі», «Шыңғысхан әулеті және хан тұқымынан төре қою», «Шығыс Түркістан мәселелері», «Оспан батыр» қатарлы мақалалары республикалық басылымдарда жарық көрген.