Кеше Қазақстан футбол Федерациясы өзінің ресми сайтында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерін таңдауға мүмкіндік беретін дауыс беруді бастады.
15 қаңтарға дейін созылатын алғашқы кезеңде жанкүйерлер Қазақстан құрамасын кім жаттықтыру керек деген сұраққа жауап беріп, жергілікті маман, болмаса шет елдік маман пайдасына таңдау жасайды. Дауыс беруге тек ҚФФ сайтында тіркеуден өткендер ғана қатыса алады.
Дауыс беру нәтижесі Федерация тарапынан шешім қабылдауға негіз болу үшін, дауыс беруге 50 мыңнан кем болмайтын адам қатысуы керек.
Егер дауыс берушілер саны 50 мыңнан кем болатын болса, Федерация дауыс беру нәтижелерін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерін өзі таңдауға берілген келісім деп есептейді.
Ал дауыс берушілер саны 50 мыңнан асатын болса, ҚФФ дауыс берудің екінші кезеңін бастайды. Екінші кезеңде жанкүйерлерге бірініші кезеңде көп дауыс жинаған санат бойынша бапкерлер тізімі ұсынылады (қазақстандық болмаса шет елдік маман). ҚФФ ұсынатын бапкерлердің барлығы да Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыруға білімі жететін, тәжірибесі мол білікті мамандар.
ҚФФ ұсынған мамандардың барлығы дерлік алдын ала ,біліктілік тексеруден өтеді (бұл жұмыс басталып кетті) және ҚФФ жанкүйерлер кімді таңдағанына қарамастан ұлттық құраманың болашақ бапкерінің қызметі үшін жауапкершіліктен бас тартпайды.