Биылғы жылы қазақ спортында Олимипиада немесе Азия ойындары өткен жоқ. Дегенмен әлем, Азия және көптеген халықаралық турнирлер болды. Олимпиада ойындарының жолдамалары үлестерілді. Сонымен…
Жазғы Универсиада
Биылғы жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында XXVIII Дүниежүзілік жазғы Универсиада өтті. Онда спорттың 21 түрінен 272 медаль сарапқа салынды. Бұл жарысқа Қазақстан спортшылары да қатысып, 6 алтын, 4 қола медальмен жалпы командалық есепте 11-ші орынды иеленді. Бұл жазғы Дүниежүзілік Универсиада тарихындағы біздің ең үздік нәтиже болып саналады. Бұған дейін ең үздік көрсеткіш 2007 жылы Бангкок қаласында болып еді. Ол кезде жерлестеріміз 5 алтын медальмен жалпы командалық есепте 11-ші орын алған болатын.
Жүлде алған спортшылар: Дмитрий Баландин, Никита Филиппов, Виктория Зябкина, Юлия Рахманова, Светлана Иванчукова, Анастасия Тулапина, Нұрсұлтан Мамаев, Жанар Қашқын, Әсем Орынбай, Ангелина Мищук, Жәния Айдарханова, Андрей Фролов, Владимир Почивалов, Александар Ещенко.
Енді келесі 2017 жылғы Жазғы Универсиада Тайбэйде өтеді. Оның алдында қысқы Универсиада Алматы қаласында жоспарланған.
Қысқы Универсиада
XVII қысқы Универсиада ойындары Словакия мен Испания жерінде өтті. Бұл жарысқа Қазақстаннан спорттың жеті түрі бойынша 93 спортшы қатысты. Еліміздің спортшылары 5 алтын, 6 күміс медаль иеленіп, жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
Алтын алғандардың қатарында Алина Райкова, Анастасия Слонова (2 алтын), Юлия Галышева, Павел Колмаков бар. Күміс медальды Анастасия Слонова, Александр Малышев, Евгений Величко, Евгений Бондаренко, Марк Старостин, Анна Стоян, Виктория Ланчакова, Анастасия Слонова, Галина Вишневская, Анна Кистанова, Максим Браун, Василий Подкорытов, Дмитрий Рейхерд, шайбалы хоккейден ерлер құрамасы иеленді.
«Астана» алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті
Қазақ футболың жаңа парағы ашылды. УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алғаш рет қазақстандық команда яғни «Астана» өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінде жерлестеріміз «Марибор», ХИК, АПОЭЛ клубтарын жеңді. Ал топтық кезеңде «Атлетико» (Мадрид), «Галатасарай» (Стамбұл), «Бенфика» (Лиссабон) клубтарымен бір топта өнер көрсетті. Стойлов шәкірттері алғаш рет қатысқандарына қарамастан дебюттік маусымды сәтті өткізді. Алты матчтың төртеуінде тең түсіп, төрт ұпай жинады. Тек екі матчта ғана ұтылды. Өз алаңымызда Еуропаның бір-бір командасы үш ұпай алып көрген жоқ. Топтық кезеңде «Астана» ойыншыларынан Патрик Твумаси екі гол соқты.
Футзалдағы жетістік
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының топтық кезеңіне жолдама алды. Ұлттық құрама іріктеу кезеңдегі шешуші ойынды Алматыда Босния мен Герцеговина командасына қарсы өткізді. Бұл матчты Какау шәкірттері 4:0 есебімен аяқтап, қос ойын нәтижесінде 9:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді. Сырт алаңдағы алғашқы ойында Қазақстан құрамасы 5:0 есебімен босниялықтарды ойсырата жеңген еді.
Енді Какау шәкірттері 2-13 ақпан аралығында Сербия астанасы Белград қаласында өтетін Еуропа чемпионаты қатысады. Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы «С» тобына түсті. Біздің топта Ресей, Хорватия құрамалары бар. Ширек финалға әр топтан екі команда шығады.
«Қайрат» УЕФА Кубогын екінші рет ұтып алды
Футзалдан Алматының «Қайрат» футбол клубы екінші рет УЕФА кубогын ұтып алды. «Қайрат» финалда өткен жылғы чемпион, испаниялық «Барселона» клубын 3:2 есебімен ұтты.
Финалдық матч өте шиеленісті өтті. Бірінші таймда «Қайрат» екі гол соғып алға шықты. «Барселона» екінші таймда қарқынын үдетіп, қамшыны басты. Әсіресе соңғы минуттарда бар күш-жігерлерін салып, тайлы-таяғымен атойлап алға шапты. Бірақ жеңісті уыстарынан шығарып алмас үшін жанкештілік танытқан «Қайраттың» қорғанысын бұза алмады.
Ал үшінші орын үшін өткен матчта жергілікті «Спортинг» Ресейдің «Динасын» 8:3 есебімен ойсырата жеңіп, қола жүлдеге ие болды.
Басты меже – Бразилия
Басты меже – Бразилия. Келесі жылы Рио-де Жанейро қаласында жазғы Олипиада ойындары өтеді.
«Қазіргі кезде Ұлттық құрама командаларына 500-ден астам спортшы тартылып, 190 бапкер мен қызмет көрсету мамандары жұмылдырылған. Тіпті, дайындық барысындағы кейбір мәселелерді жылдам шешу үшін, арнайы штаб та құрылды. Осы кезге дейін спорттың 10 түрінен 43 лицензия ұтып алған болса, алдын ала жасалған жоспар бойынша спортшыларымыз спорттың 25 түрінен 110 лицензия алуды көздеп отыр. Ұлттық құрама командалары 2015 жылы 40-тан аса Азия чемпионаттарына, 29 лицензиялық Әлем чемпионаттарына, 140 Әлем кубоктарының кезеңдеріне қатысып, Олимпиадалық ұпайларын түгендеген. Ал келер жылы 70 континентальдық және әлемдік лицензиялық жарыстар мен 52 Әлем кубогының кезеңдеріне қатысқан», – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Сәкен Мұсайбеков.