Бүгін қос кітаптың тұсаукесер рәсімі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық негізін салушы көрнекті ғалым Клара Жантөреқызы Қожахметованың 65 жылдығына арналған «Әлемдік және қазақстандық білім-ғылым кеңістігіндегі этнопедагогика мен этнопсихология» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында болып өтті.
Ғалымға арналған бірінші «Бекзат болмыс» атты кітапқа Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының, Халықаралық педагогикалық академиясының академигі Клара Жантөреқызы Қожахметованың тағылымды ғұмыры, педагогикалық қызметі мен ғылымдағы жетістіктері туралы әріптестері мен шәкірттерінің және жақындарының естелік-жазбалары енген. 300 данамен жарық көрген естеліктер жинағында сонымен қатар, ғалымның БАҚ-та әр жылдары жарық көрген сұхбаттары берілген.
Екінші «Профессор Клара Жантөреқызы Қожахметованың ғылыми мектебі» атты кітапта ғалым К.Ж.Қожахметованың ғылыми мектебінің мәні мен мазмұны, құрылымы мен даму бағыттары баяндалады. Сонымен қатар, ғалым шәкірттері туралы мәліметтер мен ғылыми тақырыптары туралы мақалалары берілген. «Арна ltd» баспасынан жарық көрген кітаптар ЖОО оқытушыларына, ғылыми қызметкерлерге, докторанттар мен магистранттарға және қызығушы барша оқырмандарға арналған. Айта кетейік, ұлттық тәрбие жанашырларының басын қосқан конференцияның мақсаты — «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы аясында еліміздегі білім беру жүйесіндегі этнопедагогика, этнопсихология мәселелерінің әлемдік білім-ғылым кеңістігіндегі маңызы және дамытудың заманауи мүмкіндіктерін, саралау, жүйелеу және пайымдау. Конференция жұмысына педагогика, психология, мектепке дейінгі тәрбиенің негізін салушы ғалымдар қатысуда. Халықаралық конференция 9 қаңтарға дейін жалғасады.