Астаналық смарт-бастамалар және Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығы жұмысының жоспарлары туралы Нұрәлі Әлиев баяндап берді.
Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығы елорда тұрғындарының өтініштерін неғұрлым тиімді өңдеуге мүмкіндік береді. Осылайша жетілдірілген байланыс орталығы бірден 60 қоңырауға дейін қабылдайды.
Елорда әкімінің орынбасарының айтуынша, «оператордың қатысуынсыз автоматты түрде өзекті ақпарат беру мүмкіндігінің арқасында 50 мыңға жуық өтініш өңделді, бұл жалпы қоңыраулар санының 62%».
2015 жылдың желтоқсан айының өзінде байланыс орталығында 6 оператор жұмыс істеген кезде 80 мыңға жуық өтініш өңделді, бұл 2014 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге көп. Қазіргі кезде операторлар саны 15 жетті, бұл астаналық «109» қызметінің жұмысының тиімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Нұрәлі Әлиев атап өткендей: «Байланыс орталығының мақсаты өтініштерді тек телефон қоңыраулары, «smart.astana.kz» порталы және электронды пошта арқылы өңдеу ғана емес, енді Астана тұрғындары өз өтініштерін #astana109» хэштегін көрсете отырып «Facebook», «Twitter» және «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы да бере алады.
«Astana 109» парақшасында да астаналық білім мекемелерінде сабақтың болу/болмауы туралы хабарламалар лезде жарияланатынын айта кету қажет. Мұндай тәсіл халыққа ұнап та үлгерді. Соңғы мәліметтер бойынша, бар-жоғы екі тәуліктің ішінде «Facebook» желісінің 5800 астам пайдаланушысы байланыс орталығының ресми парақшасына кірген. Анағұрлым танымал әлеуметтік платформа «Instagram» болып табылады, онда санаулы уақытта «Astana 109» аккаунтына 4800 астам жазылушы тіркелген.
Бұдан бөлек, жуырда Астана әкімдігі «Астана Innovations» АҚ-мен бірлесе отырып ауа-райының жағдайларына байланысты мектептерде сабақтың болу/болмауы туралы хабарлама алудың тағы бір смарт-тәсілін ұсынды.
«Алдағы екі аптада астаналық оқушылардың ата-аналары «Smart Astana» мобильдік қосымшасының бета-нұсқасын бірінші болып пайдаланып көреді. Аталған қосымша сабақтың болмауы туралы push-хабарламаны лезде алу функциясымен қолайлы болып отыр. Бұл тек басы ғана және «Smart Астананың» әлеуметтік-маңызды жобалары елорда тұрғындарының өмірін барынша жеңілдететініне сенімдімін», деді Нұрәлі Әлиев.
Осылайша, алғашқы екі күннің ішінде 18 000 астам елордалық ата-ана мен мұғалімге «Smart Astana» қосымшасы таратылып, орнатылды.
Еске сала кетейік, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «051-қызмет» ММ негізіндегі Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығы тәжірибелік пайдалануға берілді. Бұл барлық коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелер бойынша елорда тұрғындарының өтініштерін қабылдаудың бірыңғай орталығы.