Қазақстан мен ҚХР арасындағы іскерлік және мәдени байланысты нығайту мақсатында Панфилов ауданының тұрғындары Мұз және қар екінші халықаралық фестиваліне қатысты.
Осындай ынтымақтастық байланыс негізінде «Қорғас арқылы Ұлы Жібек жолының бойында» қазақстандық-қытайлық сауда жәрмеңкесі де жалғасуда. Аталмыш жәрмеңке инвесторлар мен сауда саласында серіктестерді тарту мақсатында «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» жобасының бірлескен презентациясына бағытталған. Шараның негізгі мақсаты — халықаралық туризімді өрістету және осы орталықтағы сауда-саттықтың өркен жаюына кең жол ашу.
Фестивальға ҚХР тарапынан арнайы экономикалық орталық Партиялық жұмысшылар комитеті хатшысының орынбасары, Қорғас қаласының әкімі Мұрал Әбілмәжін, Қазақстаннан Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев, «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» АҚ президенті міндетін атқарушы Василий Ни, Алматы облыстық туризм басқармасының өкілдері және жан-жақтан келген саяхатшылар қатысты.
Шынында, Қорғастағы қысқы «Мұз қаланың» әлем саяхатшыларының назарын аударуға мол мүмкіндіктері бар. Алдымен мұндағы салынып, алды пайдалануға беріле бастаған алып сауда орталықтары толассыз туристердің мекесіне айналды. Шығыс пен батысты жалғайтын шойын жол мен автодаңғыл да оған жағымды жағдай жасамақ.
Жиналғандар аумағы атшаптырым жерді алып жатқан мұз қалашықты қызықтап, мүсіндер маңында сүретке түсіп, балалар мұздан соғылған арнайы төбелерден сырғанақ тепті. Мүсіншілер мұз бен қардан соққан алып айдаһар, қанатын қомдап тұрған самұрық құс, түйелер керуені, көркем гүлдер тағы басқа да толып жатқан сәнді көріністер қалашықтың ажарына айналған. Шара барысында фестивалға қатысушылар екі елдің қысқы әйелдер киімінің үлгілерін тамашалап, қытай өндірісінен шыққан жол талғамайтын көліктермен танысты.
Мереке соңы ҚХР-дың Іле қазақ автономды облысы мен Қазақстан өнерпаздарының концертімен аяқталды.