Партия филиалына келіп, мұң-мұқтажын айтып, көмек сұраған азаматтардың мәселесі қоғамдық қабылдауда жан-жақты қаралып, шешілуі тиіс. Әйтпесе, мұндай қабылдаудан ешқандай нәтиже болмайды, — деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Бұл туралы ол кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда айтты.
Қабылдауға келген азаматтарды Амандық Ғаббасұлы мұқият тыңдап, әрбір сауалға нақты жауап берді.
Мәселен, қоғамдық қабылдауда Талғар ауданы Ақдала ауылының тұрғыны Раушан Биғалиева өзінің қиын жағдайын баяндады. Үш балалы, 35 жастағы Раушанның 3 рет операция жасалғанымен екі көзі де көрмейді. Дәрігерлер бір көзіне ота жасауға болады, ал екінші көзі мүлдем көрмейді деп қорытынды жасапты. Ендігі үміт Ресейде жасалатын операцияда болып отыр. Алайда, Раушан Ресейде жасалатын операцияға қажетті 2 млн. теңге таба алмай, қиналуда. Облыс әкімі Амандық Баталов жанары суалған Раушан Биғалиеваға Ресейде көзіне операция жасауға қажетті қаражат тауып беретінін айтып, қуантты.
Ақсу ауданы Тарас ауылының тұрғыны Битілеу Қонаевтың ауылдағы 66 оқушы білім алатын орталау мектеп ғимаратына 1987 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін, қазіргі кезде фундаменті үгіліп, есік-терезелері ескіргенін, еденінің шіри бастағаны туралы сауалына Амандық Баталов мектеп ғимаратына зерттеу жасап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесетінін айтты.
Ал Балқаш ауданынан келген Ұзақбай Несіпбаев Бақанас ауылында жер телімдері үшін кезекте 500 адамның тұрғанын айтып, тұрғын үй салу үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) әзірлеуге қаржы бөлуге көмектесуді өтінді. Бұл сауалға А.Баталов: «Тұрғын үй салу үшін бірінші кезекте жергілікті басқару органдары инфрақұрылымын жүргізуі керек. Бұл мақсатқа қаншалықты қаражат қажет екендігін анықтап, ЖСҚ дайындау жөнінде ұсыныс беруді құрылыс басқармасының бастығы Т.Бектасовқа тапсырамын», — деді.
Талғар ауданының тұрғыны Кенжегүл Мұхаметжанованың Өстемір ауылындағы № 14 орта мектептің 1979 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегендігін айтқан өтінішіне қатысты, Амандық Ғаббасұлы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары үшін 25 қаңтарда өтетін бюджеттік комиссияда тиісті қаржы қарастырылатынын жеткізді.
Сонымен қатар Кеген ауылының тұрғыны Әлікен Қапалбаевтың аудандағы ұзындығы 158 шақырымды құрайтын 9 каналдың дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан 32 мың гектардан астам жерге судың толық берілмей отырғаны, осы каналдарды тазалауға қажетті жаңа техникалар сатып алу жайлы мәселесіне орай Амандық Баталов өткен жылдан бастап өңірде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатқанын, ол үшін 2016 жылы облыстық бюджеттен 2 млрд. теңге қарастырылғанын тілге тиек етті. Бұл көтерілген мәселе бойынша, жұмыс оңды орындалса, көптеген шаруа қожалықтарына үлкен көмек болатынын айтты. Сондықтан каналдарды жөндеуге және жаңа техникалар сатып алуға көмектесуге уәде беретінін де жеткізді.
Қоғамдық қабылдауды қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:
— Бүгінгі кездесу барысында облыс тұрғындары жеке басының емес, өздері тұратын аудан мен ауылдардың мәселелерін көтерді. Бұл облыс халқының жалпы тұрмыс-жағдайы жақсы екенін білдіреді. Расында, 2015 жылды біз барлық көрсеткіштер бойынша — өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, құрылыс пен бюджет кірісінде де табысты аяқтадық. Мұның бәрі — жұмыс орындарын сақтай алуымыздың, жұмыскерлерді тұрақты жалақымен қамтамасыз етудің нәтижесі. Мемлекет басшысының қолдауының және «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында жоспарлаған барлық нысандарымыздың құрылысын аяқтадық, оған бизнесмендер мен инвесторларды белсенді түрде тарттық. Барлық мәселе бір реттен шешіле салмайды, бірақ біздің нақты жоспарларымыз бар, қай бағытқа қарай жылжу керек екенін жақсы білеміз, — деді.