Алматыда Достық үйінде кеше «Үздік инженер-2015» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Байқаудың ұйымдастырушысы — ҚР Ұлттық инженерлік академиясы.
«Біздің ойымызша, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену жолында басты мамандық иелерінің бірі — инженер.
Сондықтан, бұл байқау инженерлік кадрлардың мәртебесін нығайтуға және индустриалды жобаларды жүзеге асыруға қомақты үлес қосқан мамандарды ынталандыруға бағытталған», — деді өз сөзінде ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов.
Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 350 үміткер ұсынылған болатын. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша 11 жеңімпаз таңдап алынды. Олардың ішінде «Орал зауыты» АҚ бас конструкторы Хайдар Хабибулин де бар.
«Мен «Шекаралық және зымыран-артиллериялық кемелердің пайдалану сипатын жаңғырту және жақсарту» деп аталатын жобам үшін марапатталдым. Кеме жасау — ең күрделі салалардың бірі. Алайда, біздің зауыттың даму деңгейін жоғары деп айтуға болады. Сондықтан да біз болашаққа сеніммен қараймыз. Ал мұндай байқаулар техникалық бағыттағы мамандарды ынталандырады және инженерлік істі насихаттайды», — деді Х. Хабибулин.
Сондай-ақ, «Алматы Көпірлі Құрылым Зауыты» ЖШС басқармасының төрағасы Ахметжан Шардинов та диплом және медальмен марапатталды. Ол ТМД аумағында теңдесі жоқ — ұзындығы 42 метр болатын темірбетонды арқалық зерттемесін әзірлеген.
«Әлемдік қаржы дағдарысы ушығып тұрса да біздің Президентіміз елдің индустриалды-инновациялық даму саласына көп көңіл бөледі. Яғни, инженерлер керек деген сөз. Әрине, мұндай байқаулар инженерлік мамандықтың дамуына септігін тигізеді», — деді А. Шардинов.