«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды «Халықаралық бағдарламалар орталығының» АҚ-ның ресми сайты.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1154 қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы11 маусымдағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», делінген хабарламада.
Атап айтқанда, аталған қаулымен «ЖОО түлегі» санаты алынып тасталып, магистр дәрежесін алу үшін жаңа «Инженерлік-техникалық қыметкер» санаты енгізілді.
Академиялық бағдарламаға үміткерлердің барлық санаттары үшін (магистратура, докторантура, резидентура) бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балға өзгерістер енгізілді — GPA 3,0 балл (4,0/4,33 GPA-дан), сондай-ақ жалпы жұмыс өтілі кемінде 2 жыл деп белгіленді.
Тағылымдамадан өтуге үміткерлер үшін жалпы жұмыс өтілі таңдап алған саладағы соңғы 12 айды қоса алғанда кемінде 3 жыл.
Бұған қоса, үміткерлердің конкурсқа қатысу үшін еңбек қызметінің талап етілетін кезеңіне міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жазбаны міндетті ұсынуы туралы норма енгізілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы қаулысы 2016 жылғы 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.