2020 жылға қарай елімізде 550 кәсіби стандарттар әзірленетін болады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Жиында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сәйкес, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер оқу орындарына өздерінің ұлттық біліктілік жүйесіндегі салаларға сәйкес кәсіби стандарттар мен талаптарды қояды. Ал оқу орындары сол стандарттарға сәйкес, оқу бағдарламаларын өзгертеді. Біз Дүниежүзілік банк сарапшыларымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылға дейін 550 кәсіби стандарттарды әзірлеп шығару мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Мұндай кәсіби стандарттар тек кадрлар даярлауда емес, сонымен бірге қайта даярлау барысында да қамтылуы қажет», — деді Т. Дүйсенова.
Осыған орай, министр келісім аясында қайта даярлау жұмысын ұйымдастыратын жұмыспен қамту орталықтарының оқу орындарына қоятын талаптарын қосу, оларға осы жұмыстарды атқара алатындай крустарды енгізу, техникалық базаны кеңейту қамтылатынын атап өтті. «Бұндай орталықтар барлық өңірлерде қамтылатын болады. Тұтастай алғанда, жобаның іске асуына тиісті мемлекеттік органдар мониторинг жасайды. Ал оны басқару мен қадағалау арнайы жұмыс комитетінің құзыретіне беріледі», деді министр.