Соңғы уақытта Қазақстан нарығында әшекей бұйымдар мен тұрмыстық техникаларға деген сұраныс күрт төмендеп кетті. «Оның себебі күн сайын құбылып тұрған экономикадағы тұрақсыздық», — дейді мамандар.
Ал тұтынушысын жоғалтып алмау жолында отандық бизнес саласының белсенділері қандай шаралар қолдануда? Жалпы қазіргі таңда тауардың қай түріне сұраныс көп? Қымбат алқа, сағат және компьютерлерге деген сұраныстың төмендеп кетуі бекер емес. Мамандар мұның себебін сатушылардың сөредегі тауарларды негізінен Еуропа елдерінен алып келетіндігімен байланыстыруда. Ал бұл бизнестің тұралап қалуына әлемдегі қаржы тұрақсыздығы тікелей әсер етуде.
Алина Құшаманова, Отбасылық ойын-сауық орталығының меңгерушісі: — Біріншіден, барлық сатып алу процестерінің Еуропа елдерінде шетел валютасымен жүзеге асатындығында. Ал біз қолымыздан келгенше тұтынушыларымызға барынша жағдай жасауға тырысудамыз. Мәселен түрлі акциялар өткіземіз. Мейлі ол маусымдық немесе жаппай сатылым болсын. Сосын қосымша сыйақы жүйесін де енгізіп тұрамыз. Бұл шаралар тұтынушылармызға тауарды белгілі бір жеңілдікпен сатып алуына мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі экономикалық ахуалдан кейін нарықта адам ойына келе бермейтін түрлі, тың идеялар дүниеге келуде. Мәселен Астанада тұратын Наргиз есімді бойжеткен қиялында пайда болған қызықты идеясын іске асыруға бел буыпты. Жуырда ол пайдаланылған бұйымдар дүкенін ашыпты.
Наргиз Искарова, пайдаланылған бұйымдар дүкенінің иесі: — Бір көйлекті екі рет киіп, мерекеге бармайтын жандармыз ғой. Менталитетіміз сондай. Сондықтан бір-ақ рет киетін киімге қыруар қаржы төлеп не керек? Осы жерде екі, үш есе арзанға сатып алуға болады. Содан соң қайтадан әкеліп тапсырып, қаржы табуға мүмкіндік бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар жыл сайын киім-кешекке қыруар қаржы жұмсайды екен. Мәселен сұраныстарымызды сараптап көрер болсақ, күнделікті қажет заттардың ішінде костюм, көйлек, автокөлік секілді қажеттіліктер бірінші орынды алады екен. Одан кейін құрылыс заттары, фармацевтика өнімдері және жиһаз бар. Ал азық-түлікке келер болсақ, оған жалпы сатылымның шамамен 30%-ы ғана тиесілі. Ет сатып алу үшін жылына 300 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Жеміс-жидек пен көкеніс сатып алуға 222 млрд теңге кетеді. Халық арасында сұранысы ең төмен өнімдер, ол – теңіз тағамдары болып шықты. Экономика ғылымдарының кандидаты Жангелді Шымшықовтың пікірінше, бұл мәселеге тереңнен үңілу қажет. Ең алдымен халықтың бойында отандық өнімдерге деген құрмет пен сұранысты арттыру керек. Қазақстандықтардың бойында осындай қасиеттер артқан жағдайда ғана. ел экономикасы одан әрі гүлденбек.