Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында тұратын қарапайым ұстаз ұлттық қолөнерді дәріптеп жүр. Бейнелеу пәнінің мұғалімі кілем тоқып, майлы бояумен сурет салады. Өнердің сан түрін меңгерген Бақытбек Амангелдиев тіпті қолының қиюы бар оқушыларға кілем тоқудың да қыр-сырын үйретеді.
Шебердің ұшқыр қиялынан туындаған дүниелер қарапайым болғанымен, тамыры терең салт-дәстүрімізді насихаттауымен ерекше. Шебер бұл жолы тарихи жәдігер Арыстанбаб кесенесін жаңа тәсілмен тоқып шықпақшы. Ісмердің саусағымен өрнектелген кілемдер мен майлы бояумен салынған дүниелерде қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы үйлесім тапқан. Мазмұны мәнді кескіндемелердің айтатын астарлы ойы да терең.
Бақытбек Амангелдиев, шебер:
— Мен көбіне түкті кілем мен тақыр кілемді араластырып тоқығанды жақсы көремін. Артқы жағын тақыр кілеммен, негізгі кейіпкерді түкті кілеммен тоқимын. Негізгі кейіпкер айшықталып, менмұндалап көрініп тұруы керек. Зат жақындаған сайын ол анық-қанық көрінеді. Соны дәл орындайтын болсақ, біздің жұмысымыз керемет сәтті шығады.
Ғасырлай бойы жалғасып келе жатқан кәсіпті ол әжесінен үйреніпті. Жаз бойы апаларымыз асарлатып кілем тоқитын. Тоқпақ ұруға құмбыл тұратын боз баланың сол кездегі өнерге деген сүйіспеншілігі бертін келе осы іске түбегейлі ден қойуына негіз болыпты