
Алматыда ересектер педагогикасын дамытатын Халықаралық Жеңімпаздар Академиясының интеллектуалдық спорт клубы желісі ашылды. Оның ашылу рәсіміне әр түрлі салада қызмет атқаратын 1,5 мыңға жуық адам қатысты.
Жеңімпаздар Академиясы адамды, адами құндылықтарды интеллектуалды тұрғыда дамытуға арналған халықаралық педагогикалық білім беру жобасы. Осыдан 2 жыл бұрын Мәскеуде ашылған болатын.
«Академияның басты мақсаты — ересектер педагогикасын дамыту. Қазіргі таңда балалар, жасөспірімдер педагогикасы жеткілікті дамығаны рас. Ал 30-35-40 және одан да үлкен жастағы адамдарға арналған педагогика әлемде тіпті жоқтың қасы. Бұл кенже қалған сала. Өйткені жаhандану заманында ересектер педагогикасы да өте қажет. Қазір, біз осы саланы дамытуға күш салып жатырмыз. Біздің көздегеніміз — ересектерге арналаған позитивті педагогика мен психологияны дамыту. Қазіргі кезеңде әлемде, тұрмыста әр түрлі күйзелістік сәттер болып тұрады. Бұл әсіресе ересектердің психикасына қатты әсер етеді. Адамдар өздерін жалғыз сезініп, торығу сәттерін бастан кешеді. Бұл әрине ондай сын-сәттерге дайын еместіктің салдарынан туындайды. Ал ересектерге арналған педагогика кез-келген қиындық немесе сәтсіздік — жаңа мүмкіндіктің, жаңа жетістіктің бастамасы екендігін түсіндіреді. Соларды басқа қырынан түсінуге, сөйтіп өз саласында барынша табысты болуға ықпал етеді. Жалпы, педагогика атаулының адамның өмір сүру сапасын жақсартуға көмегі өте зор», — деді Жеңімпаздар Академиясының менеджері Екатерина Беспятых.
Сонымен қатар ол бұл білім беру жобасының онлайн режімінде жүргізілетіндігін жеткізді.
«Ересектер педагогикасы адамның тұлғалық қасиетін дамытуға бағытталған. Өйткені, өз ісіне, сөзіне жауап беретін тұлға ғана жауапкершіліктен қашпайды, өзіне жауапкершілікті жүктей біледі және соны орындай біледі. Өмірде өзін жеңімпаз сезініп жүреді. Қоғамның игілігіне көп еңбек сіңіре алады. Сонда оларды жеңімпаз демей, кімді жеңімпаз деуге болады? Ал халық игілігі үшін еңбек ете алатын жеңімпаз болу үшін миды да бұлшық ет секілді белгілі бір интеллектуалдық жаттығулармен ұдайы жаттықтырып тұру қажет. Мұны біздің педагог мамандар онлайн режімінде жүзеге асырады. Оқу бағдарламалары бір айдан бір жылға дейінгі уақытты алады. Яғни, түптеп келгенде ересектер де өмір бойы өзін-өзі дамытуға, білімдерін толықтыруға ұмтылулары тиіс. Бұл тұрғыда педагогика мен психологиының атқарар қызметі өте зор», — деді Е. Беспятых.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақпан айының ішінде Алматы мен Астана қалаларында жоба аясында шеберлік сыныптары өткізіледі.