Алматыда 11-ші ақпан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сарайында 28-ші қысқы Универсиада ойындарын ілгерілету мақсатында кең көлемді мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында — ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Меркіжан Қошаев мәлім етті.
«Енді Ұлттық Универсиада барысында спортшы студент жастарымыз әр түрлі спорт нысандарында өнер көрсетеді ғой. Бір-бірін тіпті көрмейді десе де болады. Сондықтан, Алматыда 2017 жылы болатын 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын жастар арасында кеңінен насихаттау, ілгерілету мақсатында осы ұлттық Универсиадаға қатысып жатқан жастардың басын қосып, үлкен мәдени шара өткіземіз. Оның үстіне, осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылар 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадада өнер көрсететін ұлттық құрама сапына енуге жолдама алады.
Ал мәдени іс-шара барысында жастар бір-бірімен қауышып, танысып, білісіп, өзара байланыс орнатады. Сондай-ақ, осы шара аясында үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Оған Қазақстанның эстрада жұлдыздары қатысып, патриоттық рухта әндер шырқайды», — деді М. Қошаев.