28 ақпан — қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туған күні. Осыған қарай, отандық телевизия саласында тұңғыш рет «Қазақстан» Ұлттық арнасының тапсырысымен, ұлы ақынның 170 жылдығына арналған «Жамбыл» сериалының премьерасы өтеді.
4 сериялық тарихи драмада Жамбылдың өмір жолы мен шығармашылығы туралы баяндалады. Сериалда Жамбыл Жабаевтың музей-үйіндегі кезінде жеке өзі қолданған заттары мен сол уақытта әмбеге аян болған, Жамбыл бабамыздың өзі мінген әйгілі ЗИМ-1 көлігі пайдаланылған. Сонымен қатар, сериалда Жамбыл Жабаевтың өзі ұйықтаған кереуеті де пайдаланылды.
Жамбыл бабамыздың есімі өзінің көзі тірісінде-ақ аңызға айналған. Ол өзінен кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақ деген халықты әлемге танытты.
Фильмде басты рөлді театр мен кино актері Байғали Есеналиев ойнайды. Ал, күйші Дина Нұрпейісованың рөлін елімізге белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева, танымал әнші Күләш Байсейітованың рөлін Әйгерім Уалжанова сомдайды.
Айта кететін мәселе, ұлы ақынның өмір жолы туралы арнайы саундтрек те жазылды.