Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.
«Еліміздің жас студент спортшылары 103 медальдар кешенін сарапқа салды. Олардың ішінде жеңіс тұғырына үш рет көтерілгендер де бар. Универсиаданы өткізуге жоғары оқу орындары мен бейінді ұйымдар белсене атсалысты. Солардың арқасында ұлттық республикалық қысқы Универсиада ойындары жоғары деңгейде өткізілді. Мұндай спорттық шаралар Елбасы Н. Назарбаевтың қазақстандықтардың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту туралы тапсырмасын орындауға және жастар арасында осы бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға септігін тигізеді», — деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев.
Қазақстанның студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Зәкіриянов Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) жарыс барысын мұқият бақылағанын айта келе, осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылардың енді алдағы 2017 жылы болатын Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында да лайықты өнер көрсетініне сенім білдірді.
«Өткен жылы Испания мен Словакияда өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиада барысында біздің команда өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Ал енді туған жерімізде біз кем дегенде осы жетістігімізді қайталауымыз керек», — деді Қ. Зәкіриянов.
Жарыс қорытындысы бойынша ең көп медаль жинаған Қазақтың спорт және туризм академиясының студенттері болды. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты екінші орынды иеленді. Ал үшінші жалпакомандалық орынды Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері өзара бөлісті.
Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар мен қонақтардың құрметіне отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Айта кетелік, Алматыда 6-17-ші ақпан аралығында өткен VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада барысында 10 спорт түрінен жарыстар болды. Олар: президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноуборд, қысқы спорттық бағдарлау, шаңғымен тұғырдан секіру, шайбалы хоккей және конькимен жүгіру. Ойындарға республика бойынша 35 жоғары оқу орындарынан құрамында жалпы саны 1072 спортшы бар 141 спорт командалары қатысып, 103 алтын, 103 күміс және 103 қола медальды сарапқа салды.