Қытайға қарасты Алтай аймағы Буыршын ауданында тұратын Батырбек Мамұқұлы қисса-дастандарды жатқа айтады. Бұл күнде көшпенділерге тән көне қасиеттің иелері аз екенін ескерсек, Батырбек ақсақалдың біз үшін қадір-қымбаты артық екені даусыз.
Дастаншы қарт Буыршынның Қостық ауылы, Жиделі қыстағын мекен етеді. Ол өзінің дастанды 13 жасынан бастап нағашысы Ыбырай деген кісіден үйренгегін айтады. Қария 20-дан астам дастанды жатқа біледі екен. Кейде апта бойы, тіпті жарты айға дейін дастан айтып, таңды-таңға ұратын кездері бар. Халықтың той-қызықтарында Батырбек дастаншыны арнайы қолқалап шақыруы дәстүрге айналған.
Алпысқа келген қария өнерін тұл қалдырмай, немересі Тілебалдыға да үйретіп жүр. 8 жастағы бала 4 дастан жаттап алған. Орайы келсе үлкен сахнаға шығып, өнерін елге танытсам деген арманы бар. Ал, дастаншы қарттың ойлайтыны – осыбір қасиетті өнерді үзіп алмай, жастарды қисса-дастан айтуға тәрбиелеп, ұлттық дәстүрдің ұлық сипатын сақтап қалу.