Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында қазақстандық балуан Дәулет Ниязбеков екінші жыл қатарынан қарсылас шыдатпады.
Еркін күрес шебері 61 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол финалда Иранның мықтысы Бехнам Ихсанпурды 10:0 есебімен ұтты. Былтыр да дәл осы Бехнамды шешуі сайыста жеңген болатын. Бапкері — КР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абуталип Аманов.
Айта кетейік, күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы екі алтын еншіледі. Алғашқы алтынды грек-рим күресінен 75 келідегі Досжан Кәртіков жеңіп алған еді. Сонымен қатар грек-рим шеберлерінің арасында Асхат Жаңбыров (66 келі) күміс, Мейрамбек Айнағұлов (59 келі), Дархан Баяхметов (71 келі), Асхат Ділмұхамедов (80 келі), Дамир Күзембаев (130 келі) қола жүлдегер атанды.
Әйелдер күресінен Ирина Борисова (48 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі), Айым Әбділдина (58 келі) финалға дейін жетсе, Мәдина Бақбергенова (60 келі) мен Гүлмарал Еркебаева (75 келі) үшінші орынға ие болды.
Еркін күресте Дәулет алтын алса, Нұрлан Бекжанов (65 келі), Жігер Зәкіров (74 келі) және Дәулет Шабанбай (125 келі) Азияның вице-чемпиондары атанды. Аслан Кахидзе (86 келі) мен Бақдәулет Әлментай (97 келі) үшінші орынды місе ұтты.