Домой Жаңалықтар Мәдениет Назарбаев пен Обаманың мүсінін жасаған сәулетші Астанада музей ашуды армандайды (фото, видео)

Назарбаев пен Обаманың мүсінін жасаған сәулетші Астанада музей ашуды армандайды (фото, видео)

Назарбаев пен Обаманың мүсінін жасаған сәулетші Астанада музей ашуды армандайды (фото, видео)

Назарбаев пен Обаманың мүсінін жасаған сәулетші Астанада музей ашуды армандайды Силиконнан мүсін жасауды кәсіп еткен Айдос Есмағамбетов, өнердің бұл түрін өз бетінше үйренген. Ол интернеттен түрлі бейнероликтер қарап, ақпараттар жинап мейлінше меңгеріп алған. Шығармашылықпен бес жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді.

“Мүсін өнерімен 2010 жылдан бастап айналыса бастадым. Дәл сол кезде Барак Обама АҚШ президенті атанып, оның балауыз мүсіні мадам Тюссо музейіне қойылып жатқан кез еді. Сосын біздің Қазақстанда да бұл өнердің бар екенін дәлелдегім келді. Іле-шала неге Елбасымыздың мүсінін жасап көрмеске деген ой келді де, іске кірісіп кеттім. Тиісінше, ол кісінің 70 жылдығына тарту жасағым келді. Мұнан соң бірнеше көрмелерге қатыстым. Сол сәтте адамдар неге Путиннің, Обаманың мүсіндерін жасамайсың деп айтатын”, – дейді Айдос. Көп ұзамай оның шеберханасында Барак Обаманың да бейнесі пайда болды. Қазір мүсінші орта салмақта әлем чемпионы атанып, кәсіпқой бокста Қазақстанның даңқын асқақтатып жүрген Генадий Головкиннің мүсінін қашауды ойластырып отыр.

20160222013518

Силиконнан мүсін жасау – Арқалық қаласынан 30 шақырым алыстағы Ашутасты ауылында тұратын Айдостың негізгі жұмысы емес. Ол Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтты тәмамдаған. Негізінен табыс портреттер мен картиналарға берілген тапсырыстардан түседі.

“Мен қиялдап, тәжірибеден өткізіп көріп жүретін адаммын. Әрине, негізгі технологияларын мадам Тюссо музейінің бейнероликтерінен көргенмін. Сосын мүсін өнері туралы мақалаларды ақтарамын. Кейіннен барып, материалдың физикалық құрамы туралы ойланып, оны қай жақтан алуға болатынын қарастырамын”, – дейді мүсінші.

Материалдарға Айдос, интернет-дүкен арқылы Америкаға тапсырыс береді. Өзінің фигураларының шашын жасау үшін, синтетикалық жасанды шашты пайдаланады. Болашақта шынайы шашты қоюды ойластыруда. Оның айтуынша, бір мүсінді жасап шығуға 200 мың теңгедей ақша кетеді. Екі құрамды силиконның (көлеміне байланысты) бағасы – 80-90 мың шамасында болады. Ал Европада ондай мүсіндер 150 мың мен 500 мың доллар аралығында саудаланады екен.

20160222013534

“Көпшілік менің өнімдерім мен мадам Тюссо музейіндегі мүсіндерді салыстырады. Бірақ, бұлайша салыстыруға болмайды. Себебі, онда бір мүсін үшін бір команда жұмыс істейді, ал мен өзім жалғыз бәрін атқарамын. Мәселен, олар Леди Гаганы жасайтын болса, оны студияға шақырып, әр қырынан суретке түсіріп алады. Бойын өлшеп, математикалық өлшемдерге салады. Көзінің түсін, терісін, шашын есепке алады. Сондықтан да, олардың мүсіндері дәлме-дәл шығып жатады. Ал мен Нұрсұлтан Назарбаевты да, Барак Обаманы да өз көзіммен көрген емеспін. Егер, көзбе-көз көретін болсам, онда бұл маған ерекше көмек болар еді”, – дейді Айдос.

Мүсін өнерінде балауыз бен силиконның бірнеше айырмашылықтары бар. Балауыз – бұл парафинді материал. Бірақ, ол өте нәзік. Оған күннің көзі түсуге болмайды әрі белгіленген температурада сақталу керек. Ал екі құрамды силикондар, бұлар заманауи материалдар. Айдостың сөзінше, силиконнан мүсін жасау қиынға түседі. Себебі, кішкентай қателіктің әсерінен бәрін басынан бастауға тура келеді. Ал балауыз бұл пласталин секілді. Егер, бір жері қисайып немесе басқаша қателік кетсе, оны арнайы құралдардың көмегімен түзеуге болады. Ол -250 және +350 градусқа дейін төзімді болады.

“Бұл өнер мені қанаттандырады. Болашақта, бұл өнердің Қазақстанда ерекше қарқынмен дамығанын қалаймын. Әрине, Астанада өзімнің музейімді ашып, команда жинап, осы өнерді оқытқым келеді. Әзірге жұмыстарымды үйде жасап жатырмын”, – деп атап өтті Айдос.

Айдосты қазақстандық жаңа “Өлілермен селфи” фильміне гример ретінде шақырған екен. Ол сондай-ақ, көкшетаулық Әлихан есімді әншінің клипін түсіруге де атсалысқан.

“Грим жасап, өз бетімше ролик түсіру, мен үшін тың бағыт болды. Түсірілім барысында бірнеше адамды әрледім. Фильмнің сапасы, мазмұны туралы ештеңе айта алмаймын. Менің міндетім тек бетті әрлеумен айналысу”, – дейді жас мүсінші.

stan.kz

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here