Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Челябинск қаласында (Ресей) МАУ «Спартак балалар мен жасөспірімдердің кино-театр орталығы» өткізетін «CHELoBEK ТЕАТРА» IV Халықаралық кіші форм театр фестиваліне қатысады.
Астана қалалық Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ақпан айының 26 мен наурыз айының 3 аралығында Челябинск қаласында МАУ «Спартак балалар мен жасөспірімдердің кино-театр орталығы» өткізетін «CHELoBEK ТЕАТРА» IV Халықаралық кіші форм театр фестиваліне А. Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасымен қатысады, деп хабарлайды театрдың ақпарат орталығы.
Аталмыш фестивальге Қазақстан атынан Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тұңғыш рет қатыспақ.
Спектакльдің қоюшы режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Н.Жұманиязов. Қазақшаға аударған – Е.Жуасбек.
Қойылымның бас кейіпкерлерін – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Нүркен Өтеуілов, ҚР Жастар Одағы сыйлығының иегері – Майра Омар, ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері – Сырым Қашқабаев және актриса Айман Карпсейітовалар сомдамақ.
Биылғы жылы «CHELoBEK ТЕАТРА» IV Халықаралық театр фестиваліне 100-ге тарта театр ұжымы өтініш білдіріп, фестивальдің ұйымдастыру тобы 13 спектакльді таңдады. Театр фестиваліне – Қазақстаннан өзге Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекетінен 13 театр ұжымы қатысады. Спектакльдер Челябинск қаласындағы – Жаңа көркем театр, «Омнибус», «Наш дом» театрлары сахнасында өтеді. Сондай-ақ, фестивальдің ұйымдастырушылары күнделікті қойылымдардың онлайн көрсетілімдері де болатынын хабарлап отыр. Қазылар алқасының құрамында танымал театр мамандары – Капитолина Кокшенева, Татьяна Котович, Нина Мазур, Нина Шалимова, Александр Вислов бар.