Бүгін қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев, Мағжан Сағымбаев және Иван Борода Оңтүстік Америка құрлығындағы ең биік нүкте – Аконкагуа шыңын (Аргентина) бағындырды. Астана уақытымен сағат таңғы 4:00 шамасында альпинистер байланысқа шығып, қуанышты хабарды жеткізді.
Аталған қоғамның facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған жазбада: «Алақай! Қазақ географиялық қоғамы экспедициясының Аконкагуадағы команда мүшелері Мағжан Сағымбаев пен Мақсұт Жұмаев теңіз деңгейінен 6962 метр биіктікте орналасқан шыңды бағындырды! Еліміздің, Қазақстанның туы мен Қазақ географиялық қоғамының туы Оңтүстік Американың ең биік жеріне тігілді! Алға Қазақстан!», – делінген.
Айта кетейік, осыдан екі апта бұрын альпинистеріміз аталған шыңды бағындыру үшін экспедицияға шыққан болатын. Ұшақпен Аргентинаның Мендоса қаласына жеткен олар сол жерден көздеген мақсаттарын іске асыру үшін жолға шықты.
Мақсұт Жұмаев тек Қазақстанның емес, әлемнің бірегей альпинисі екенін ерекше атап өткен жөн. Ол Жер бетінде 8000 метрден асатын барлық 14 шыңды қосымша оттегісіз бағындырған әлемдегі 12 альпинистің бі
рі.